Керекудегі кен қоры 40 жылға жетеді

4873

Бозшакөл  KAZ Minerals тобына 439 млн доллар табыс әкелді. 

Керекудегі кен қоры 40 жылға жетеді

Осыдан екі жыл бұрын алғашқы мыс концентратын шығарған Бозшакөл кен байыту комбинаты жыл санап өнімділігін арттырып келеді. Құрамына Бозшакөл, Ақтоғай, Бозымшақ сынды ірі кеніштер кіретін KAZ Minerals тобы былтыр 259 мың тонна мыс өндірді. Осылайша компания мыс өндірісін 2016 жылмен салыстырғанда 80%-ға арттырды. Ал Бозшакөлде өндірілген мыстың көлемі 111%-ға ұлғайып, 101 мың тоннаға жетті.

Былтыр KAZ Minerals тобы өндірген алтын көлемі 179 мың  унцийді құрады. Өнімнің 119 мың унциясы Бозшакөлден алынды.

2017 жылы Бозшакөл кен өндіру ісінде де алда болды. Кен байыту комбинаты жоспарды асыра орындап, 42 мың тоннаның орнына 44 мың  тонна кен өндірді.

Биыл KAZ Minerals тобы 270-300 мың тонна мыс өндіруді көздеп отыр. Жоспарға жету үшін Бозшакөлден 105 мың тонна өнім алу жоспарланған.

"2017 жылы KAZ Minerals тобы өндірістің жоғары өсіміне және операциялық шығындарды төмендетуге қол жеткізді. Бозшакөл мен Ақтоғайда өндіріс қарқынын арттырудың нәтижесінде табысымыз еселенді. Алдағы уақытта аталған кеніштер KAZ Minerals тобына қомақты ақша ағынын әкелуге мүмкіндік береді. 2018 жылы қарқынды жоғалтпай, өсімді жалғастыруымыз керек", – деді KAZ Minerals тобының басқарма төрағасы Эндрю Саузам.

Былтыр KAZ Minerals тобына Бозшакөл 439 млн доллар, Ақтоғай кеніші 462 млн доллар табыс әкелген.

Кеніш директоры Федор Кравченконың айтуынша, Бозшакөл кен байыту комбинаты алдағы уақытта өндірістің өнімділігін арттырады.

"Мыс-молибден кен орнының қоры 40 жылдан астам уақытқа жетеді. Әлемде 10-20 жыл қазылатын кеніштер көп, ал Бозшакөл сияқты кен орындары жоқтың қасы. Бізге әлі біраз тер төгуге тура келеді. Себебі екі жылдан астам уақыт аралығында небары 90 метрлік тереңдікке түсіп, кенді 1,5 шақырымдық ұзындықтан ғана алдық. Ал алдын ала барлау жұмыстары кен орны батыстан шығысқа қарай 8 шақырымға созылып жатқанын көрсетіп отыр. Жоба бойынша бізге 350 метр тереңдікке дейін қазу керек. Әзірше  көрсетілген тереңдіктің небары төрттен бір бөлігін ғана игеріп отырмыз", – деді Федор Кравченко.

Бозшакөлге еңбек етуге Англиядан арнайы келген Гай Майкл Кординли 30 жылдан астам әлемнің көптеген елдерінде осы салада тер төккен.

"Бозшакөл  ХХІ ғасырдағы ең ауқымды және ерекше жоба. Мен Замбия, Индонезия, Солтүстік Америка елдерінде осыған ұқсас жобаларда жұмыс істедім. Бозшакөл жоғарыдағы жобалардан бай қорымен ерекшеленеді",  – деді ол.

Айтпақшы Бозшакөл кен байыту комбинатындағы жұмыстың 90%-ы автоматтандырылған. Экскаватор, жүк машинасы, бульдозер cынды техникалар онлайн-жүйемен жабдықталған. Жүргізуші көліктегі монитор арқылы әр минут, әр сағат сайын қандай көлемде кен тасығанын біліп отырады.

"Біздегі қызметкерлердің 98%-ы облыс тұрғындары мен еліміздің түкпір-түкпірінен келетін мамандар. Олар вахталық әдіс бойынша жұмыс істейді. Қалған 2% басшылық қызметтегі және алыс, жақын шетел азаматтары", – деді Федор Кравченко.

Естеріңізге сала кетейік, былтыр комбинаттың жұмысымен танысқан үкімет басшысы Бақытжан Сағынтаев басшыларға кен өңдеу бағытындағы жұмысты жетілдіруді жүктеді. Нәтижесінде өткен жылы кен өңдеу көлемі 2016 жылмен салыстырғанда 2,2 есеге артты. Яғни 11,1 млн тоннадан 24,6 млн тоннаға жетті. Бірақ өңделген кен құрамындағы мыстың орташа үлесі 0,56%-дан 0,53%-ға дейін төмендеді. Қазіргі кезде бұл көрсеткіш 0,36%-ды құрап отыр. Федор Кравченконың айтуынша, бұл – жақсы нәтиже.

Ақтоты Қабдықайыр

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу